ХХ ғ. 20-30 жж. Қазақстандағы ашаршылық және қуғын-сүргін: тарихы мен тағылымы

2020 жылдың 30 мамырында Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Тарих және дінтану» кафедрасының ұйымдастыруымен ашаршылық және қуғын-сүргін қасіретіне орай «ХХ ғ. 20-30 жж. Қазақстандағы ашаршылық және қуғын-сүргін: тарихы мен тағылымы» тақырыбында онлайн  негізінде республикалық деңгейде дөңгелек үстел өтті. Отырысқа Алматы, Нұрсұлтан қалаларының  белгілі ғалымдары Абай ат. Қаз ҰПУ-нің профессоры, т.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі  М.Қ. Қойгелдиев, ҚазҰАУ-нің  профессоры,  т.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі    Х.М. Әбжанов, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д. Г.Ж. Орда, Әл-Фараби ат.ҚазҰУ-нің профессоры,  т.ғ.д. С.О. Смағұлова, Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ-ні «Археология және этнология» кафедрасының доценті, т.ғ.к. К.К.Сәрсенбина, «Тарих және дінтану» кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Ұ.Ш. Исмағұлов және еліміздің жоғарғы оқу орындарының тарихшы, филолог, философ мамандары мен докторанттар, магистранттар, студенттер  қатысты.

Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – ХХ ғасырда Қазақстанда болған ашаршылық нәубеті мен қуғын-сүргін қасіретінің еске алу, кеңестік жүйе саясатының құрбандарынына тағзым ету болатын. Іс-шара барысы  Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-тінің ғылыми және инновациялар жөніндегі проректоры т.ғ.д. Рахым Бекназаровтың кіріспе сөзімен ашылып, тұңғыш президентіміздің 1997 жылды жаппай қуғын-сүргін жылы деп жариялауынан кейінгі, осы мәселе төңірегінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысына тоқталып өтті.

Іс-шараны университеттің Тарих және дінтану кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор,  т.ғ.д. Гүлбану  Ізбасарова жүргізіп отырды. Бас баяндама жасаған академик Мәмбет Қойгелдиев қазақ халқының басына төнген қасіреттерді аша отырып, олардың негізінде Орталықтың өктемдік саясаты таңған эмиссарлық басқару жүйесі жатқандығына айырықша тоқталды. Кез келген халық, оның ішінде қазақ халқы басқару жүйелерін өздері ыңғайласа, яғни өздерін-өздері басқарса сондай дәрежеде қайғы-қасіреттердің болмайтындығының  айқындылығын, сол сияқты ұлт тарихын да өздері зерделегені дұрыс болатындығын атап өтіп, «Тарихтан тағлым алып, қазіргі таңда «Өзін-өзі басқара алатын Ұлт қалыптастыру керек» деген құнды пікір айтты.

Академик Ханкелді Әбжанов  та ХХ ғ. 20-30 жж. аштықтың қазақ қоғамына  тигізген орасан зор қасіретіне тоқтала келе, большевиктік жүйе тұсында бұл нәубет зардаптары ұзақ жылдар жабулы күй қалып, тек тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ғана қолға алынғанын айтып, алдағы уақытта осы мәселелерді тыңғылықты түрде зерттеудің маңыздылығын көтерсе, ал филология ғылымдарының докторы Гулжахан Орда Алаш қайраткерлері, қуғын-сүргін құрбаны Қошке Кемеңгерұлының қуғындалуының себебіне және оның шығармашылығына тоқтала отырып, осы қуғын-сүргін, ашаршылық мәселесінің қазіргі әдеби туындыларда қалай көрініс тапқандығы туралы жан-жақты баяндап өтті.

Тарихшы Светлана Смағұлова қуғын-сүргін кезеңдеріне талдау жасай келе, Қазақстан өңірлерінде, оның ішінде Ақтөбе облысында ХХ ғ. 20-30 жж. қуғындалып кеткен Алаш қозғалысыны мүшелері, үкімет қайраткерлерінің тарихы зерттеу нысанына айналмай отырғандығына тоқталып, алдағы уақытта осы мәселелерге қатысты зерттеу жобаларына қатысу мәселесін ұсынды. Университет профессорлары Ұзақбай Ысмағұлов, Нұртаза Абдоллаев Ақтөбе өңіріндегі ашаршылық мәселесін тереңдете зерттеу қажеттігін көтерді.

Іс шара барысында ғалымдарға сұрақтар қойылып, қатысушылардың да пікірлері тыңдалды.