2021 жылдың 25 қаңтары мен 2 сәуірі аралығында

2021 жылдың 25 қаңтары мен 2 сәуірі аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Тарих факультетінің 5В020300 – «Тарих» мамандығының 4-курс студенттері Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде өндірістік практикадан өтті. Практикаға жіберілген 16 студент ішкі бұйрыққа сәйкес музейдің ғылыми бөлімдеріне бекітілді. Оларға ғылыми жетекші ретінде музей тарапынан қызметкерлер Н.Габбасов, А.Ержанов және Қ.Рахбаев тағайындалды. Бітіруші студенттердің өндірістік практикасы музей мен аталған жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға байланысты мүмкін болып отыр. Ол келісімге сәйкес Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі бір жағынан жұмыс беруші, практика базасы және модульдік білім беру бағдарламаларын жасақтауға қатысушы мекеме болып табылады.

Практиканттар алғашқы күндері бөлімнің ішкі ережелері мен жұмыс жасау жүйесімен танысты. «Ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету: қазіргі заман тарихы» бөлімінде іс-тәжірибеден өткен студенттер экспонаттарды қабылдау актілерін толтыру, қабылданғалы отырған экспонаттардың тарихын зерттеп қарастыру, кеңестік кезеңдегі Қазақстанның халық шаруашылығына үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен қызметін қатысты мәліметтер жинақтау, тарихи анықтамасын дайындау және библиографиялық жинақтау жұмыстарын жүргізді.

«Археология және этнография» бөліміне бөлінген студенттер саланың ерекшелігіне байланысты төмендегі дағдыларды игеріп, тәжірбиелерін толықтырды. Атап айтқанда: археология көрме залының экспонаттарының құрылымындың мазмұнымен танысу үшін, экспонаттар тізбесін жазды, нөмірлерін реттеді; қорға тапсырылатын этнографиялық экспонаттардың (қазақтың киім-кешектері) өлшем біріліктерін алды, сипаттамасын жазып, фото фиксациясын жасады; қорда сақталған археологиялық артефактілерді реттеу (жүйелеу, сипаттау, нөміртеу) жұмыстарын атқарды.

Студенттер музей қорына кіріп, тәжірибелік жұмысқа кірісер алдында техникалық-қауіпсіздік шараларымен танысты. Этнография коллекциясы бойынша жоспарлы түгендеу жұмыстарына белсенді араласып, экспонаттарды суретке түсіру, есеп кітаптары бойынша сәйкестендіру мен сандық форматқа енгізу жұмыстарына қатысты. Қорларды есепке алу мен сақтау секторының меңгерушілерінің көмегімен экспонаттарды сақтау, орау, тізімдеу, коллекцияларға бөлу т.б. жұмыстарына қатыстырылды. Практика соңында жүргізілген жұмыстарға рефлексия жасалып, әр студенттің жұмысы бағаланды. Қорытынды жиындары ұйымдастырылып, мінездеме, т.б. тиісті құжаттары берілді.