Тәжірибе қорытындысы бойынша конференция

Үстіміздегі жылдың 6 сәуірі күні Тарих факультеті Тарих және дінтану кафедрасының ұйымдастыруымен 5В011400-Тарих және 5В020300-Тарих мамандықтарының бітіруші курс студенттерінің педагогикалық және өндірістік практикаларын қорытындылауға арналған конференция болып өтті. Қорытынды конференцияға факультет және кафедра басшылығы, кафедралар әдіскерлері, университеттің Кәсіби даму және мансап орталығының жетекші маманы Ә.Ж.Қарағұлова, практика базаларының өкілдері, атап айтқанда, Хромтау қаласы №2 мектеп-гимназиясының, Ақтөбе қаласындағы № 24, 32, 51 мектеп-гимназиясы, Новый орта мектеп-лицейі директорының оқу ісі бойынша орынбасарлары, пән мұғалімдері, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі және Мұғалжар ауданының мемлекеттік архиві мамандары және практикант-студенттер қатысты.

Жиын барысында әдіскерлер мен студенттердің есептері тыңдалды, студенттер үйренген білімдерімен және алған әсерлерімен бөлісті. «Білім» бағытындағы студенттер тарапынан болашақта төменгі курста өтетін педагогикалық практикалардың пассивті бөлігінің мерзімін ұзарту, «гуманитарлық» бағыттағы тарихшы студенттер практика базаларына бөлу кезінде мамандандыру мәселесі ескерілсе деген ұсыныстарын айтты.

Кафедрадан бекітілген әдіскер оқытушылар практикант-студенттерге жеке мінездеме беріп, олардың практика уақытында атқарған жұмыстарымен таныстырды, ерекше көзге түскен студенттерді атап өтті. Практикант-студенттерге практика базалары тарапынан бекітілген жетекшілер де өз бағаларын берді. Мектеп мұғалімдері және музей, архив мекемелерінің мамандары біздің студенттердің сапалы теориялық білімдерін, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды шебер пайдалану икемділік-дағдыларын атап өтті. Сонымен қатар, практиканы ұйымдастыруға, маман дайындауға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Практика қорытындысы бойынша аталған мамандықтардың бірқатар студенттеріне практика базалары тарапынан жұмысқа қабылдау ұсыныстары түсті. Қазірдің өзінде 5В020300-Тарих мамандығының бітіруші студенті Тауман Айман Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде жұмыс жасап жатса, осы мамандық студенті Куандыкова Лаураны Мұғалжар ауданының мемлекеттік архиві жұмысқа қабылдауға тілек білдірді. Сол сияқты «Білім» бағытындағы 5В011400-Тарих мамандығының студенттері Снасапин Темірланға №51 мектеп-гимназиясы, Аққазиева Алмираға Хромтау қаласы №2 мектеп-гимназиясы жұмысқа орналасу туралы ұсыныс жасады.

Конференция соңында қорытындылар жасалып, студенттер бағаланды.