30 қазан күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде…

30 қазан күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Тарих факультеті, Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен «Абай Қара сөздеріндегі ұлттық идея» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Шараға Еліміздің ЖОО-ның ғалымдары, тарих факультетінің декан орынбасары Тасқынбаева Рая Баймұратқызы, кітапхана бөлім меңгерушісі Абдуллина Эльвира Ұланқызы, Тарих және дінтану мамандығының 3 курс студенттері қатысты. Дөңгелек үстел барысында баяндама жасаған ғалымдар, Л.Н. Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің философия кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Еркін Нысанбекұлы Аубакиров, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Есбол Есембайұлы Мұқамбетқалиев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетқан Қуандықұлы Сәрсембин. Баяндамашылар Абай Қара сөздеріндегі білім, еңбек, кәсіп, көркем мінез, мәдениеттілік, ғылым туралы идеяларға кеңінен тоқталды. Ойшылдың рухани мұраларында философиялық деңгейде зерделенген дүниелердің, қазіргі уақыт жағдайындағы өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар шара барысында баяндама жасаған ғалымдар Әл-Фараби мен Абай философиясы, қазіргі әлеуметтік философиялық мәселелерге қатысты студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.