2020 жылдың 15 желтоқсан күні сағат 11.00…

2020 жылдың 15 желтоқсан күні сағат 11.00 де Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік Ел» конференц залында Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіз елдің тұғырлы білімі» атты пікір алмасу алаңы өтті. Осы шарада факультеттің жас мамандары және шетелдерде білім алған жас әріптестеріміз қатысып, білім беру саласындағы өз пікірлерімен бөлісті. Шараның негізгі мақсаты – Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан қазіргі кезеңге дейін білім беру жүйесінің өзгерістерін, жетістіктерін талқылау.

Пікір алмасу алаңының жұмысын модератор – география және туризм кафедрасының аға оқытушысы, магистр А.Г.Абдуллина бастап, ҚР Мемлекеттік Әнұраны шырқалды. Университетіміздің ректоры, ф.ғ.д., профессор Б.А.Ердембеков Тәуелсіздік күніне арналған құттықтау сөзімен жалғастырды.

География және туризм кафедрасының жас маманы, магистр М.Ж.Өмірзақова «ҚР Президенті Жолдауларындағы білім беру мәселелері» бойынша білім жүйесінің даму кезеңдерінің жетістіктері мен артықшылықтарына тоқталды.

Сырттан шақырылған Оман сұлтандығы, «Халықаралық теңіз» университетінің түлегі Назаргалиев Мержан «Болон процесі және үш деңгейлі білім беру моделі», Түркия елінің Сакарья университетінің магистратурасында білім алған А.А.Құлманова «Түркия мен ҚР-ның білім беру жүйесіндегі ұйымдастырушылық ерекшеліктері мен ұқсастықтарына талдау жасап, Ұлыбритания Лафборо университетінің түлегі Н.М.Дүймұханов «Болашақ – қазақ жастарына қанат бітіретін бағдарлама» тақырыбында мотивациялық ойларымен бөлісті. Университеттің Халықаралық бөлім маманы С.А. Есдаулетова ЖОО халықаралық рейтингтерге қатысу туралы пікір білдірді.

«Докторантураның білім жүйесінде алатын орны» мәселесі бойынша ҚХР, Бейжің қаласындағы Минзу университетінің докторанты Ж.А.Жүргенбаева, ҚР Ұлттық ЖОО докторантурасында білім алған О.М.Мұхитов және Ж.С.Смаханова шетелдік және Қазақстандық докторантура жүйесінің ерекшеліктері мен ұқсастықтары туралы пікірлерін ортаға салды. Тарих және дінтану кафедрасының меңгерушісі Ізбасарова Г.Б., факультет деканы Г.Ы.Купенова докторантураның мамандар даярлаудағы артықшылығы туралы, білім беру ісіндегі оңтайлы өзгерістер туралы айтып өтті. Университетіміздің ректоры Б.А.Ердембеков пікір алмасу алаңындағы мәселелер бойынша пікір білдіріп, шараны қорытындылады.